Жамалың жас көктемнің жамалындай,.
Жүрегің махаббаттың қамалындай.
Қамалындай, қамалындай, еркем-ай
Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз
Самалындай, самалындай еркем-ай.
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем саған.
Сені ойлап құлазыған құла құмдай,
Заулайды қиял қырдың құланындай.
Құланындай, құланындай еркем-ай
Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай.
Бұлағындай, бұлағындай еркем-ай.
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем саған.
Ілінген ғашықтықтың құрығына,
Әнімді құрбан еттім-ай ырымына.
Ырымына, ырымына еркем-ай
Мен қашан сүңгір екем мың бірінші,
Бұлақтай тарқатылған бұрымыңа.
Бұрымыңа, бұрымыңа еркем-ай.
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем саған.
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем саған.